АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри "Кабулде президент сайлауына түскен кандидаттар Абдулла Абдулла және Ғани Ашрафпен болған келіссөздерде сайлау нәтижесін қайта есептеу туралы мәмілеге келгендерін" айтты.
Оның сөзіне қарағанда, халықаралық бақылаушылардың қатысуымен сайлаушылар дауыс берген сегіз миллион бюллетень қайта тексеріледі.
Керри сайлау бюллетеньдерін қайта санау нәтижесін мойындауға екі кандидаттың да келіскенін, қайсысы жеңсе де ұлттық бірлік үкіметін құруға уағда бергендерін хабарлады.
Бюллетеньдерді қайта санау 13 шілде күні Кабулде басталады. Аймақтардағы сайлау жәшіктерін астанаға НАТО солдаттары жеткізетін болды.
Джон Керри Кабулге 11 шілде күні барды. Барған мақсаты - Ауғанстан президенті сайлауына түскен екі кандидаттың арасындағы дауды тыныштандыру.
Сайлаудың 14 маусым күні шыққан алдына ала нәтижесі бойынша, Ашраф Ғани озып тұр. Бірақ қарсыласы Абдулла Абдулла бұны мойындамай, "халық көтерілісін бастайтынын" мәлімдеген еді. Керри осы дауды шешуге барған.