Италиядағы Джильо аралының маңында осыдан екі жылдан аса уақыт бұрын апатқа ұшыраған кемені теңіз бетіне көтеруге дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Кемені су бетіне көтеріп, оны жүзе алатындай қалыпқа келтіру ісі бір апта уақыт алады дейді онымен шұғылданып жатқан мамандар. Бұдан соң кемені тіркеуге алып, елдің солтүстігіндегі Генуя қаласына жеткізіп, сол жерде бөлшектеп, қайта балқытуға жіберу жоспарланған.
2012 жылы 4 қаңтарда теңізде апатқа ұшырап, суға батқан кезде Costa Concordia кемесінде төрт мыңнан аса адам болған. Апат салдарынан 32 адам мерт болды. Апаттың себеп-салдарын анықтау үшін жүргізілген тергеу құтқару жұмыстары кешігіп басталған деген қорытынды жасаған.
Кеме капитанының үстінен «апат және адамдар қазасына апарып соққан салғырттық танытқан» деген айып бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа берілген. Тергеу барысында анықталғандай, капитан апатқа ұрынған кемеден жолаушылар мен экипаж мүшелері толық шығарылмай тұрып кемені тастап шыққан.