БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Сирияның көтерілісшілер қолындағы аудандарына, Дамаскінің рұқсатын күтпестен, гуманитарлық жәрдем жіберу туралы қарарды бірауыздан қабылдады.
Құжатта «Сирияда гуманитарлық ахуалдың тез және айтарлықтай нашарлап бара жатқаны үлкен алаңдаушылық» туғызып отырғаны айтылған. Сонымен бірге Сириядағы жанжалға қатысушы тараптардың жәрдемге мұқтаж аймақтарға гуманитарлық қызметкерлердің баруына мүмкіндік жасау туралы талаптарға назар аудармай отырғандары айтылған.
БҰҰ деректері бойынша, Сириядағы көмекке зәру 10.8 миллион тұрғынның 4.7 миллионы жетуге жолы қиын аудандарда тұрады. Гуманитарлық жәрдем Түркия, Ирак және Иорданиямен шекарадағы төрт бекет арқылы жолданбақ.
Syrian Observatory for Human Rights құқыққорғау ұйымының бағалауы бойынша, Сириядағы азамат соғысы барысында 170 мыңнан аса адам қаза тапқан.