Accessibility links

Киев: ЛХР мен ДХР террористер деп танылуы тиіс


Өзін өзі Донецк облысының губернаторы деп жариялаған Павел Губарев (ортада) Малайзия әуе компаниясының Boeing 777 жолаушылар ұшағы құлаған жерде. 18 шілде 2014 жыл.
Өзін өзі Донецк облысының губернаторы деп жариялаған Павел Губарев (ортада) Малайзия әуе компаниясының Boeing 777 жолаушылар ұшағы құлаған жерде. 18 шілде 2014 жыл.

Украина президенті Петр Порошенко Біріккен Ұлттар Ұйымын өзін өзі жариялаған «Луганск халық республикасы» (ЛХР) мен «Донецк халық республикасын» (ДХР) террорлық ұйымдар деп тануға шақырды. ЛХР мен ДХР өкілдері бірнеше ай бойы Украинаның шығысында үкімет әскеріне қарулы қарсылық көрсетіп жатыр.

Сенбі күні Петр Порошенкомен болған әңгімеде БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун Украина президентінің ел аумағы мен азаматтарын қорғауға толық құқығы бар екенін айтты деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.

Порошенко БҰҰ бас хатшысына елдің шығысында құлаған Малайзияның жолаушылар ұшағы апатына байланысты ашық түрде халықаралық тексеру жүргізуге Украина тарабы қажетті іс-шаралардың барлығын жасауға әзір екенін жеткізген.

Бұған дейін сенбі күні Киевте Нидерланд сыртқы істер министрі Франс Тиммерманспен кездесуден соң Порошенко ресейшіл сепаратистер малайзиялық жолаушылар ұшағы құлаған жерге барған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) бақылаушыларының жұмысына кедергі жасап жатыр деп мәлімдеген.

Сол күні Нидерланд премьер-министрі Марк Рютте «Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаның шығысындағы ұшақ апатын тексеру ісіне жәрдем жасауға дайын екендігін дәлелдеуіне соңғы мүмкіндігі барын» мәлімдеген еді. Рютте бұл пікірді Германия канцлері Ангела Меркель, Ұлбыритания премьері Дэвид Кэмерон мен Австралия үкіметі жетекшісі Тони Эббот та қолдайтынын айтқан.

19 шілде күні Ұлыбритания мен Нидерланд жолаушылар ұшағын ресейшіл сепаратистер атып түсірген деген деректердің пайда болуына байланысты Еуропа Одағы Ресейге қатысты ұстанымын өзгертуі қажеттігі туралы мәлімдеме жасады.

Малайзия әуе компаниясының АҚШ-та жасалған Боинг-777 жолаушылар ұшағы 17 шілде күні Украинаның үкімет әскері мен ресейшіл сепаратистер соғысып жатқан Донецк облысында апатқа ұшырап, бортындағы 300-ге жуық адам түгел қаза тапты.

Ресей мен Украинадағы ресейшіл сепаратистер бұған Украина билігін айыптайды, ал Киев «ұшақты атқан – сепаратистер» дейді.

АҚШ, Еуропа Одағы және авиация саласындағы ұйымдар апатты халықаралық бақылаушылар көмегімен тексеруге шақырды.

XS
SM
MD
LG