Исламшыл экстремистер арнайы салық енгізілетінін жариялаған соң Ирактың солтүстігіндегі Мосул қаласын жүздеген христиан тастап шықты. Жаңа салық сенбі күні түсте күшіне енетінін айтқан исламшылар оны төлеуден бас тартқандардың өлім жазасына кесілетіні туралы мәлімдеген еді.
Мосул қаласымен телефон арқылы байланысқан Азаттықтың Ирак қызметінің тілшісіне тұрғындар қалада христиандардың қалмағанын айтқан. Куәгерлердің сөзінше, қаланы басып алған «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» (ИЛИМ) қарулы исламшылар тобының жасағы христиандардың үйлеріне айрықша белгілер салып қойған.
Жыл басында ИЛИМ тобы Сирияның Ракка қаласында да христиандарға дәл осындай алым-салық енгізіп, ақша төлемегендерді өлім кесетіндерін айтып қорқытқан еді.