Мәскеу қаласының мэрі Сергей Собянин осы аптада Ресей астанасында метрода болған апатқа техникалық ақау емес, метрополитен қызметкерлерінің кейбірінде тәртіп жетіспеушілігі себеп болған деп мәлімдеді.
15 шілде күні Мәскеудегі Арбат-Покров метро линиясындағы «Парк Победы» және «Славянский бульвар» бекеттері арасында жолаушылар пойызының үш вагоны жолдан шығып кеткен еді. Апат салдарынан 23 адам қаза тауып, 270-тан аса адам жараланған. Зардап шеккен 138 адам ауруханада жатыр, олардың 19-ның жағдайы ауыр деп хабарланды.
Бұған дейін Ресей тергеу комитеті метродағы апатқа «жол бұрушы механизмдегі ақау» себеп болғанын айтып, апатқа байланысты Мәскеу метрополитенінің екі қызметкері ұсталғанын хабарлаған еді.