«Халыққа баспана беріңдер» қозғалысының бір топ белсендісі 23 шілде күні Алматыдағы Kaspi Bank кеңсесі алдына жиналды деп хабарлады Азаттық тілшісі. Денелеріне «Баспанамыздан қолыңды тарт!», «Шетелдік валютада берілген қарызды қысқартуды талап етеміз!» деген жазулар жапсырып алған оларды банк қызметкерлері бірден кеңсе ауласына кіргізіп алды.
Қозғалыс қатарында сегіз жылдан бері осы банктен алған ипотекалық несие қарызын өтей алмай жүрген төрт борышкер бар екен. Олар өздерін жалғыз баспаналарынан шығармақшы болып жатқан сот орындаушыларының әрекетін тоқтатуды талап етті.
Алматы тұрғыны Елена Романованың үй құжаттары сотқа беріліп, мүлкін сот орындаушылары аукционға қойған. «Алған 6,5 миллион теңгенің 3 миллион 814 мың теңге негізгі қарызы қалып отыр» деген ол банк ұсынған реструктуризациядан бас тартқанын айтады. «Ол шарт бойынша қалған қарыздың орнына 7,5 миллион теңге төлеуіміз керек екен. Біз қарыздан жылдамырақ құтылғымыз келеді» дейді Романова.
Банк алдына жиналғандарды полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды. Kaspi Bank қарызды қайтару мәселесі бойынша атқарушы директоры Асхан Ермекбаев талаппен келгендерді кеңсе ішіне кіргізіп сөйлесті. Бұдан соң сыртқа шыққан белсенділер тарап кетті.
Қазақстанда банктерден несие алған борышкерлер бұған дейін де Алматы мен Астанада бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген еді. Банкке борышын қайтара алмағандар берешек несие көлемі мен өсіміне байланысты дауларын шешуді билік пен банктерден талап етіп келеді. Билік орындары банк пен клиенттердің арасындағы дауға араласа алмайтынын алға тартады, банк өкілдері несие алған азаматтарға қолданыстағы заң аясында талап қойып отырғандарын айтады.