Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) адам құқықтары жөніндегі комитеті Газа секторындағы операция кезіндегі Израильдің іс-әрекетіне халықаралық тергеу жүргізуді құптады. Бұл туралы қарар 23 шілде күні шұғыл өткізілген жиында қабылданған.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары өкілі Нави Пиллэй ХАМАС күштеріне қарсы шабуылды үдеткен Тель-Авив тарапынан Газа секторында әскери қылмыс жасалған болуы мүмкін деген күдік бары жайлы мәлімдеген.
Алғашқы әуе шабуылдары басталған шілденің басынан бері аймақта 600-ден аса адам опат болған, олардың негізгі бөлігі – қатардағы азаматтар. Израиль жағынан бұл уақытта 34 адам қаза болған (32 әскери және 2 бейбіт тұрғын). Ұрыс жүріп жатуына байланысты АҚШ пен еуропалық ірі әуе компаниялары Тель-Авивке әуе қатынасын уақытша тоқтатып отыр.
23 шілде күні Иерусалимге келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри бейбітшілікке қол жеткізу мақсатында «әрекет жасайтынын» мәлімдеді. Бірақ нақты қандай әрекеттер жасалатынын ашып айтпады.