Accessibility links

Жоғары білім гранттарының саны анықталды


Алматыдағы университеттердің алдында тұрған студенттер
Алматыдағы университеттердің алдында тұрған студенттер

Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан биыл жоғары оқу орындарында оқуға 34 мың 165 грант бөлді.

Оның ішінде күндізгі оқу бөліміне - 31 мың 135 грант, сырттай оқуға - 500, дайындық бөліміне 2 мың 530 грант бөлінген.

Грант иелері республикалық конкурс арқылы анықталады. Грантқа өтініш пен құжат қабылдау 31 шілдеге дейін жалғасады.

Білім және ғылым министрінің орынбасары Тахир Балықбаевтың айтуынша, биыл техникалық ғылымдарға 12 мың грант бөлінген.

«Сонымен қатар, гранттағы 5 мың 864 орын - педагогикалық мамандықтарға, 2 мың 650 орын ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтарына бөлініп отыр» деді вице-министр.

Қазақстан былтырғы оқу жылына 34 мың 115 грант бөлген еді.

Қазақстанның "Білім туралы" заңында "Білім беру гранты – кәсіптік білім алуға төлеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген шарттармен білім алушыға берілетін ақшаның нысаналы сомасы" деп көрсетілген. Грантқа қолы жеткен талапкер оқуын бітірген соң бұл қаражатты қайтармайды.

Қазақстанда биылғы ҰБТ-ға (ұлттық бірыңғай тестілеу) 87 мың 593 (мектеп бітіргендердің 95 пайызы – ред.) түлек қатысты.

XS
SM
MD
LG