АҚШ президенті Барак Обама 25 шілде күні Ауғанстан президенті сайлауына түскен екі кандидат - Абдулла Абдулла және Ашраф Ғанимен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақ үй хабарлады.
Обама сайлаудың алдын ала нәтижесінен кейін дауласып қалған кандидаттарды "Ауғанстандағы ұлттық бірлікті қолдауға" шақырды.
Ауғанстан президенті сайлауының екінші туры маусымның 14-і күні өткен еді. Екі кандидат та дауыс берудің ресми нәтижесін күтпей, "мен жеңдім" деп мәлімдеген.
Ақ үй Обаманың кандидаттарға "дауыс беру есебін қайта жүргізуге келіскендері үшін алғыс айтқанын" хабарлады.
Бірақ сайлау бюллетеньдерін қайта санауға дау-дамайлар кедергі келтіріп жатыр. 23 шілдеге дейін дауыстардың 4 пайызы ғана қайта саналып біткен.
Сайлаудың екінші турының алдын ала нәтижесі жарияланғаннан кейін Абдулла "сайлау алаяқтықпен өтті" деп мәлімдеп, онсыз да қақтығыстар тыншымай тұрған ауған қоғамын дүрліктіріп қойған еді.