Accessibility links

Үкімет үйі қасында наразылық екінші аптаға жалғасты


Үкімет үйі алдында наразылық танытып отырған әйелдер. Астана, 27 шілде 2014 жыл.
Үкімет үйі алдында наразылық танытып отырған әйелдер. Астана, 27 шілде 2014 жыл.

Астанада бұрынғы саяжайдағы баспаналары орналасқан жер телімдерін «мемлекет қажетіне» алуға наразы бес әйелдің үкімет үйі алдында қарсылық акциясында отырғанына екінші аптаға жалғасты. Бес әйел президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинмен кездестіруді талап етіп, күндіз-түні үкімет үйінің іргесінде жатыр.

Наразылық танытушылардың бірі Сандуғаш Серікбаеваның айтуынша, олар сүрілген үйлері мен «мемлекет қажетіне» алынған жер телімдеріне өтемақы беруді емес, өз жері мен баспаналарын сақтап қалуды талап етіп отыр.

– Билік жерімізді «мемлекетке қажет» деген сылтаумен алып қояйын деп отыр. Біздің жерімізге мемлекеттік нысандар салынады дегендей айтады. Бірақ біздің жерімізге мемлекет мұқтаж емес, онда жеке меншік үйлер салынбақшы. Оған толық дәлеліміз бар. Бірақ билік бізді тыңдағысы келмейді, адам құрлы көрмейді, - дейді Сандуғаш Серікбаева.

Тұрғындар үкімет үйінің алдында шілденің 23-інен бері наразылық білдіріп тұр. Олардың айтуынша, содан бері өздерімен тек қала әкімдігінің өкілі ғана сөйлеспекші болған. Оларды алғашқы күні полиция ұстағанымен, келесі күні босатып қоя берген.

Астанада баспанасы тұрған жер телімдерін «мемлекет қажетіне» алуға наразы тұрғындар бұған дейін бірнеше рет қарсылық акцияларын өткізген. Қала билігі олардың жер телімдері бұрынғы саяжай аумағында болғандықтан қазіргі ұсынылған өтемақыдан артық ақша берілмейтінін айтады. Шілденің басында бас прокуратура Астанадағы бұрынғы саяжай жерлерін мемлекет иелігіне алу «заңнама талаптарына қайшы келмейтіні» жайлы мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG