Украинаның шығысындағы ұрыс жүріп жатқан аймақта польшалық журналист, украиналық "Экспресо.TV" телеарнасының тілшісі Бьянка Залевская жараланып, Харьковтегі ауруханаға жеткізілді.
Арнайы операциялар штабы баспасөз қызметінің Facebook-те хабарлауынша, сепаратистер БАҚ өкілдері екенін білдіретін айырым белгісі болғанына қарамастан бір топ журналиске оқ атқан.
Журналист Николай Княжицкийдің Facebook-те жазуына қарағанда, сепаратистер Залевская отырған көлікті атқылап, одан көлік аударылып кеткен. Залевскаяның омыртқасы мен бұғанасы сынып, бүйрегіне зақым келген.
BBC-дің хабарлауынша, польшалық журналистің жараланғанын Польша сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Михаил Сафьяник те растаған. Сафьяник журналиске консулдық көмек көрсетіліп жатқанын айтқан.