"Ислам мемлекеті" ұйымының содырлары Ирактың Мосул қаласында алты ғасырға жуық уақыт бұрын тұрғызылған тарихи мешітті қиратты. Олар шииттер қастерлейтін Жиржис пайғамбардың қабірі мен мешітін 27 шілде күні жарып жіберген.
Өткен аптада өздерін сүннит санайтын содырлар ислам, христиан және иудаизм дін өкілдері қатар құрметтейтін Сиф пайғамбардың мешітін бұзып тастаған еді. Оның алдында Інжіл мен Құранда қатар аталатын Жүніс пайғамбардың мешітін қиратқан.
Ирактағы шииттер жетекшісі Муктада әс-Садр Жүніс пайғамбардың "барлық дінде құрметтелетінін" айтып, оны қиратқандарды "жер басып жүруге лайық емес" деп атаған.
"Ислам мемлекеті" ұйымының содырлары маусым айында Ирактың батысы мен солтүстігін басып алған. Ұйым бақылайтын аймақтар арасында Ирактың үлкендігі жағынан екінші қаласы Мосул да бар.