Accessibility links

Борышкерлер "БанкЦентрКредит" басшылығымен кездесті


Борышкерлер "Банк ЦентрКредит" басшылығымен кездесіп отыр. Алматы, 28 шілде 2014 жыл.
Борышкерлер "Банк ЦентрКредит" басшылығымен кездесіп отыр. Алматы, 28 шілде 2014 жыл.

Бүгін Алматыдағы "БанкЦентрКредит" банкінің бөлімшесіне келген жиырмадан аса борышкер несие қарыздарына қатысты мәселелерін шешуді банк басшылығынан сұрады.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, түске дейін "Халыққа баспанасын қалдырайық" және "Ұлағатты жанұя" ұйымдарының өкілдері банк алдына жиналған. Борышкерлердің көпшілігі ипотекаға алған үйлерінен сот орындаушыларының күштеп шығару әрекетін тоқтатуды, кейбірі банктен қарыздарын толықтай кешіруді, енді біреулері қарызды төлеуді кейінге қалдыруды сұраған. Оларды банктің проблемалық несиелер бойынша атқарушы директоры Мұрат Әбішев кеңсе ішіне кіргізіп сөйлескен.

Әбішев борышкерлердің қарызы кешірілмейтінін бірден кесіп айтып, қарызды өтеу мерзімін кейінге қалдыру жайын қарастырып көретіндерін жеткізген. Банк өкілі бұған қоса әлі нұсқау берілмеген сот орындаушыларын борышкерлерді үйлерінен шығару әрекетінен қайтаратындарын да айтқан.

Қазақстанда банктерден несие алған борышкерлер бұған дейін де Алматы мен Астанада бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген еді. Банкке борышын қайтара алмағандар берешек несие көлемі мен өсіміне байланысты дауларын шешуді билік пен банктерден талап етіп келеді. Билік орындары банк пен клиенттердің арасындағы дауға араласа алмайтынын алға тартады, банк өкілдері несие алған азаматтарға қолданыстағы заң аясында талап қойып отырғандарын айтады.

XS
SM
MD
LG