БҰҰ қауіпсіздік кеңесі төтенше отырыс өткізіп, Газа секторында қақтығысушы тараптардан ұрысты дереу және сөзге келместен тоқтатуды талап етті.
Төтенше отырыс Нью-Йорк уақыты бойынша түн ортасында өткен. Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Израильді мұсылмандардың Ораза айты мейрамына байланысты гуманитарлық бітім шарттарын толық орындауға шақырған. Қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесін жиын алдында кеңеске мүше 15 елдің барлығы мақұлдаған.
Сенбі күні Израиль мен Газа секторын бақылайтын ХАМАС тобы арасында қысқа мерзімге уақытша бітім жасалып, кейін ол бірнеше рет бұзылған.
Соңғы үш аптадағы әскери шабуылдар кезінде мыңнан аса палестиналық пен 45 израильдік қаза тапқан. Мерт болған израильдіктердің көпшілігі - әскерилер.