Accessibility links

Наразы тұрғындар Нығматулинмен кездесті


Наразы тұрғындары президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинмен кездесуге бара жатыр. Астана, 1 тамыз 2014 жыл.
Наразы тұрғындары президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинмен кездесуге бара жатыр. Астана, 1 тамыз 2014 жыл.

Астана маңындағы бұрынғы саяжайда тұратын, жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразы тұрғындардың екеуі - Сандуғаш Серікбаева мен Ольга Рубахова 1 тамызда президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің қабылдауында болды.

Нығматулинмен өткен кездесуге прокуратура мен Астана қалалық әкімдігінің өкілдері де қатысып, отырыс үш сағатқа созылды. Бұл уақытта президент әкімшілігі ғимаратының алдында саяжайдағы үйлерінен шығарылатын өзге де отбасылардың өкілдері - жеті әйел мен бір бала күтіп тұрды.

Кездесуден соң Сандуғаш Серікбаева Азаттыққа "келісімге келе алмағандарын" айтты. Оның сөзінше, прокуратура мен қалалық әкімдік өкілдері саяжай тұрғындарының үйлерін сүріп, жерлерін алудың заңды екенін айтқан.

Тұрғындар Нұрлан Нығматулиннен өздерін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді сұраған.

Кездесуден шыққан соң Астана әкімінің орынбасары Сергей Хорошун кездесу барысы мен қорытындысы туралы айтудан бас тартты. Ол жауапты тек әкімдікке ресми хат жіберіп қана алуға болатынын айтты.

Саяжай тұрғындары 23 шілдеден бастап бірнеше күн Нығматулинмен кездестіруді талап етіп, үкімет үйі алдында күндіз-түні наразылық акциясын өткізген. Акция кезінде оларды полиция екі рет ұстап әкетіп, қайта босатқан.

Астанада баспанасы тұрған жер телімдерін «мемлекет қажетіне» алуға наразы тұрғындар бұған дейін бірнеше рет қарсылық акцияларын өткізген. Қала билігі олардың жер телімдері бұрынғы саяжай аумағында болғандықтан қазіргі ұсынылған өтемақыдан артық ақша берілмейтінін айтады. Шілдеде бас прокуратура Астанадағы бұрынғы саяжай жерлерін мемлекет иелігіне алу «заң талаптарына қайшы келмейтінін» мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG