Испания соты бұрын Мұхтар Әблязовтың қауіпсіздік қызметінің басшысы болған Александр Павловты кепілдікпен босатты. Бұл туралы «Республика» медиа-тобының құрылтайшысы Ирина Петрушова өзінің Facebook-парақшасында хабарлады. Оның жазуынша, Павлов «саяси баспана бойынша өтініші қаралғанға дейін» бостандықта болады.
Europa Press агенттігі Павловтың кепілдікке 30 мың еуро көлемінде қаржы қалдырғанын жазады.
Бұған дейін Испанияның ақпарат құралдарының бірі El Pais Испания жоғары сотының шілденің ортасында осы елдің ішкі істер министрлігі шығарған «Павловқа саяси баспана бермеу» туралы шешімінің күшін жойғаны туралы жазған.
37 жастағы Александр Павлов 2012 жылдың желтоқсан айында тұтқындалғаннан бері Мадрид түрмесінде отыр. Ол Қазақстан билігінің сұранысы бойынша ұсталған. Қазақстан оны «террористік акт жоспарлады» деп айыптайды.
Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары Александр Павловқа тағылған айыптың саяси сипаты барын айтып, Испания үкіметін оны Қазақстанға қайтармауға шақырған. Amnesty International ұйымы Павлов Қазақстанға қайтарылса, қысымға ұшырауы мүмкін деп мәлімдеген.