Accessibility links

"Ведомости": Ресей транзиттік ұшуды шектеуі мүмкін


Алматы халықаралық әуежайы. (Көрнекі сурет)
Алматы халықаралық әуежайы. (Көрнекі сурет)

Ресей батыс елдерінің санкцияларына жауап ретінде еуропалық әуе компанияларының Сібір аумағы арқылы Еуропадан Азияға транзиттік ұшырылымдарын шектеуі мүмкін деп жазды бүгін сенімді дереккөздеріне сілтеме жасаған ресейлік "Ведомости" газеті.

Басылымның мәліметінше, еуропалық компаниялар ұшақтарының транзиттік ұшуларына шектеу қою жайы Еуропа Одағының Ресейге қарсы алғашқы санкциялары салынғаннан кейін-ақ айтыла бастаған. Бірақ соңғы шаралар - ресейлік "Добролет" компаниясына қызмет көрсетудің тоқтатылуы мен Украинаның ресейлік әуе компанияларына Қырымға рейс шығарғаны үшін салған айыппұлдары "жауап беруді қажет етеді" деген дереккөзі.

Әзірге шектеу қою мәселесі транспорт министрлігі мен сыртқы істер министрлігі арасында талқыланып жатыр. Нақты шешімді үкімет қабылдауы тиіс. Бірақ премьер-министрдің баспасөз хатшысы Наталья Тимакова басылымға үкімет аппаратына ведомстводан шектеу қою туралы ұсыныс түспегенін айтқан.

Еуропадан Азияға ұшу үшін әуе компаниялары ең қысқа әуе маршруты - Транссібір маршрутын пайдаланады және "Аэрофлотқа" сол үшін ақша төлейді. Транзиттік маршрутты тұтынушылар арасында Lufthansa, British Airways, Air France сияқты еуропалық ірі компаниялар бар.

XS
SM
MD
LG