Бүгін Жапонияда осыдан 69 жыл бұрын Хиросимаға тасталған атом бомбасы құрбандарын еске алды. Хиросиманың Бейбітшілік паркінде сөйлеген қала мэрі Казуми Мацуи АҚШ президенті Барак Обама мен басқа да әлем елдерінің басшыларын Хиросимаға келіп, атом бомбасының салдарын көріп кетуге шақырды.
Атом бомбасы тасталған орында болған еске алу шарасына 45 мың адам қатысты. Азалы шарада сөйлеген Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ өз елі ядролық шабуылдың зардабын тартқан бірден-бір ел ретінде жаппай қырып-жоятын бұл қаруды толық құрту үшін күресуі тиіс екенін айтты.
1945 жылы 6 тамыз күні АҚШ әуе күштері Хиросимаға, 9 тамызда Нагасаки қаласына атом бомбаларын тастаған. Атом бомбасынан Хиросиманың 140 мыңға таяу тұрғыны құрбан болған, Нагасакиде 70 мың адам қырылып қалды.
Атом бомбалауынан соң Жапония екінші дүниежүзілік соғыста сөзсіз тізе бүгу туралы шартқа қол қойды.