Accessibility links

Лавровтың Өскеменге сапары екінші күнге жалғасты


Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов (оң жақта) ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесуде. Өскемен, 6 тамыз 2014 жыл.

Қазақстанның Курчатов қаласында ресейлік технологияны пайдаланып атом электр станциясын салу туралы келісімге таяу уақытта қол қойылады. Бұл туралы 6 тамыз күні Өскеменде Қазақстанға сапармен келген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді. Ол мұны Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен кездесуден соң айтты.

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жайлы меморандумды Қазақстан мен Ресей президенттері Астанада 29 мамыр күні - Еуразиялық экономикалық одағын құру туралы келісімге қол қойылған күні бекіткен.

"Росатом" компаниясы араласатын АЭС құрылысы 2018 жылы басталады деп жоспарланған. Қазақстанда АЭС салуға жергілікті және шетелдік көптеген экологтар қарсы.

Жоспар бойынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин қыркүйекте үш рет кездеседі. Президенттер әуелі 11-12 қыркүйекте Душанбеде өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде, сосын 29 қыркүйекте Каспий маңы елдері басшыларының саммитінде, 30 қыркүйекте - Атырауда аймақтық ынтымақтастық форумында кездеспек.

Ақпарат агенттіктері Лавровпен кездесуінен соң Ерлан Ыдырысов Қазақстан, Ресей және Беларусь мүше Еуразиялық экономикалық одағына Армения мен Қырғызстанның кіру процесі "график бойынша жүріп жатқанын" айтқан.

XS
SM
MD
LG