Бүгін Алматыда Ұлттық банк кеңсесі алдына ондаған борышкер жиналып, кезінде коммерциялық банктерден ипотекалық несиеге алған қарыздарын кешіруді талап етті.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, "Ұлағатты жанұя" ұйымы атынан жиналғандар банктен алған қарыздарын "жиырма жыл бойы табиғи байлықтан түскен қаржы есебінен" кешіруді талап еткен. Борышкерлер талаптарын жеткізу үшін Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовке жолықпақшы болғанымен, банкке оларды кіргізбеді. Бұдан соң олар "Келімбетов, шық!" деп айқайлады.
Наразылармен өзін Ләззат деп таныстырған банктің департамент директоры кездесіп, борышкерлерге Келімбетовтің қабылдауына жеке-жеке жазылуды сұраған. Бірақ наразылардың кейбірі оған келіспеді. Банк өкілі борышкерлерге түстен кейін өздерін Келімбетовтің орынбасары Қуат Қожахметов қабылдайтынын айтқан. Борышкерлердің кейбірі онымен кездесуге ықылас танытып, тағы біреулері тек Келімбетовтің өзімен кездестіруді талап еткен. Банк маңында наразылық акциясын полиция қызметкерлері бақылап жүр деп хабарлады тілшіміз.
Қазақстанда банктерден несие алған борышкерлер бұған дейін де Алматы мен Астанада бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген еді. Банкке борышын қайтара алмағандар берешек несие көлемі мен өсіміне байланысты дауларын шешуді билік пен банктерден талап етіп келеді. Билік орындары банк пен клиенттердің арасындағы дауға араласа алмайтынын алға тартады, банк өкілдері несие алған азаматтарға қолданыстағы заң аясында талап қойып отырғандарын айтады.