Бүгін Украина халықаралық әуе желісі компаниясының (МАУ) Алматыдан Киевке қатынайтын PS538 рейсі компанияның Ресей аумағынан ұшуға рұқсаты болмағандықтан үш сағаттан астам уақыт кешігіп, таңуғы сағат 8:50-де ұшқаны хабарланды.
Алматы әуежайының рейстердің ұшуы жөніндегі анықтама бөлімі ұшақтың «Ресей аумағы арқылы ұшуға рұқсаты болмағандықтан кешігіп ұшырылғанын» Азаттыққа растады. Әуежай өкілі компанияның бұған дейінгі рейстерінің рұқсаты болғаны я болмағаны туралы айтудан бас тартты.
7 тамызда Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Батыс елдері әуе компанияларының Ресей аумағы арқылы ұшуына тыйым салу жайы қарастырылып жатқанын мәлімдеген. Оның сөзінше, тыйым салу Ресейдің "Добролет" әуе компаниясына қарсы Еуропа Одағы мен АҚШ санкциясына жауап ретінде талқыланып жатыр.