Ирактың қазіргі премьері Нури әл-Маликидің басты одақтасы Иран Иракта үкімет басшысы қызметіне ұсынылған Хайдар әл-Абадидің кандидатурасын қолдады. Иран Жоғарғы ұлттық кеңесінің хатшысы Әли Шамхани "премьер-министр Ирак конституциясының ережесіне сай, парламенттің көпшілік даусымен сайланды" деп мәлімдеді.
Шиит Нури әл-Малики Иранның қолдауына сүйеніп келген. Бірақ Әли Шамханидың айтуынша, Тегеранда соңғы кезде "Малики елдің бірлігін қамтамасыз етуге қабылетсіз" деген пікір қалыптасқан.
Бұған дейін Абадидің кандидатурасын АҚШ президенті Барак Обама да қолдаған.
2006 жылдан билікте отырған Маликиді көпшілігі Ирак исламшыл содырларға қарсы күресте діни алауыздық тудырды деп айыптайды. Ол отставкаға кету туралы ұсыныстардан бас тартып отыр.