АҚШ президентінің әкімшілігі америкалық әскерилерді Ирактың солтүстігіндегі "Ислам мемлекеті" ұйымының содырлары қоршап алған Синжар тауындағы босқындарды құтқарудың түрлі амалдарын қарастырып жатыр. Бұл туралы 13 тамыз күні АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Бен Родс мәлімдеді.
Жоспар бойынша, босқындарды тікұшақтармен немесе ұшақтармен эвакуациялап, Ирактан тысқары қауіпсіз аймаққа орналастырады және ол жерде босқындар ұзақ уақыт бойына көмек алып тұрады. АҚШ билігі бұған қоса басқа босқындарды құрлықта арнайы "дәліз" арқылы құтқару жолын да қарастырып жатыр.
Бен Родс Ақ үй ұзақ уақыт бойы десанттық әдіспен гуманитарлық жүктерді жеткізіп тұруды тиімсіз деп санайтынын айтады. Бұған дейін президент Барак Обама АҚШ өзінің әскери бөлімдерін Ирактағы ұрыс қимылдарына қатыстырмайды деп мәлімдеген.
Ирактағы гуманитарлық миссияға қатысып жатқан америкалық сарбаздарға исламшыл содырлардың шабуыл жасау қаупі бар деп хабарлайды Associated Press агенттігі.