АҚШ президенті Барак Обама Ирактың Синжар қаласы маңындағы тауларға жасырынған езидтердің жағдайы америкалық әскери әуе күштері "Ислам мемлекеті" ұйымының содырларына қарсы соққы жасағаннан кейін біршама жақсарды деп мәлімдеді.
Обаманың баспасөз жиынында айтуына қарағанда, содырлардың позицияларын атқылау езидтерді қоршаудан шығаруға көмектескен. Синжарға жағдайды бағамдау үшін сарапшылардың шағын тобы жіберілген. Обама бұған қоса Ирактың солтүстігіндегі гуманитарлық операцияның ұзаруы екіталай екенін, бірақ АҚШ бұл елдегі өз азаматтарын қорғаудың барлық шараларын жасайтынын да білдірді.
Бұған дейін АҚШ билігі тауларда 4500-ге тарта адам бас сауғалап жүргенін хабарлаған. Олардың кейбірі - эвакуацияны қажет етпейтін жергілікті бақташылар.