Accessibility links

Астанада үйді сүруге қарсыларды полиция ұстап әкетті


Үйдің шатырына шығып алған аштық жариялаушы әйелдерді түсіріп жатыр. Астана, 15 тамыз 2014 жыл.
Үйдің шатырына шығып алған аштық жариялаушы әйелдерді түсіріп жатыр. Астана, 15 тамыз 2014 жыл.

Астанада полиция үйлерін сүріп, жерлерін "мемлекет қажетіне" алуға қарсылық танытқан бұрынғы саяжай тұрғындарын ұстап әкетті деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Бүгін сот орындаушылары 10 күн бойы аштық акциясы өтіп жатқан Алтын Червалиеваның үйін сүруге келгенде наразы әйелдер үйдің алдына автокөлік шиналарынан құрылған баррикадаларға бензин құйып, үйдің шатырына шығып алған еді. Сот орындаушылары үйге жақындағанда аштық жариялаушыларды қолдап келген бұрынғы саяжайдың басқа тұрғындары шиналарға от қойған. Бірақ отты сол жерге келген өрт сөндірушілер бірден өшірді. Өрттен соң полиция үйдің маңында тұрған қартаң адамдардан басқа ерлер мен әйелдерді ұстап әкете бастады.

Азаматтық киімдегі бірнеше адам үйдің шатырына шығып, ондағы әйелдерді мәжбүрлеп жерге түсірді. Аштық жариялағандарды полиция алып кетті, сот орындаушылары Алтын Червалиеваның үйін бұзуға кірісті.

Бұрынғы саяжай массивіндегі үйлерде тұратын бес әйел аштық акциясын 6 тамыз күні бастаған. Олар үйлерін сүруді тоқтатуды және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді талап еткен. Астана әкімдігі бұған дейін тұрғындардың "заңсыз талабы орындалмайды" деген.

XS
SM
MD
LG