Accessibility links

Азаттық сайтындағы үй сүру жайлы хабар ашылмай қалды


Астанадағы үй сүруге қарсы наразылар туралы Азаттық сайтындағы ашылмай қалған жаңалық парағының скриншоты.
Астанадағы үй сүруге қарсы наразылар туралы Азаттық сайтындағы ашылмай қалған жаңалық парағының скриншоты.

Азаттық вебсайтында бүгін Астанадағы бұрынғы саяжай жеріндегі тұрғындарды үйлерінен көшіре бастағаны және үйді сүруге қарсылық танытқандарды полицияның ұстап әкеткені туралы жарияланған жаңалықтар қазақстандық кейбір провайдерлердің қызметін пайдаланушыларда ашылмай қалды. Бұл туралы Азаттыққа оқырмандар хабарлады.

Мұның себебін сұраған Азаттық тілшісіне интернет қызметін тарататын "Қазақтелеком" компаниясының техникалық қызмет көрсету орталығының операторы Жангүл Медеубаева сайттың жекелеген материалдарының ашылмай қалуын "сайттың өз әкімшілігінен сұрауға" кеңес берді.

- "Қазақтелеком" сайттардың интернетке қосылуына ғана жауап береді. Жекелеген парақшаларының ашылмай қалуын сайт әкімшілігінен сұрап біліңіздер, - деді Медеубаева.

Жұма күні Астанада бұрын саяжай болған жерге салынған үйлердің алғашқысын сүру басталған. Полиция үйді бұзуға қарсылық танытып бірнеше күн аштық жариялаған әйелдерді және оларды бүгін қолдауға барған бірнеше тұрғынды ұстап әкеткен.

Азаттықта жарияланған кейбір материалдардың ашылмай қалуы бұған дейін де байқалған. 21 шілде күні «Сириядағы жиһадшы қазақтар» видеосы туралы Азаттық мақаласы Қазақстаннан ашылмайтыны туралы оқырмандардан шағым түскен. Оның алдында мамыр және сәуір айларында Еуразиялық экономикалық одаққа қарсылық жайлы жарияланған мақалалар мен видеолар ашылмай қалған еді.

XS
SM
MD
LG