Ирактағы сүнниттер құрылымдарының жетекшілері елдің жаңа премьер-министрі Хайдар әл-Абадиді қолдауға ыңғай білдіріп, егер жаңа үкімет белгілі бір шарттарды сақтаған жағдайда «Ислам мемлекеті» ұйымы экстремистеріне қарсы күреске сүнниттердің қосылуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Ирактың батысында орналасқан Анбар провинциясындағы ықпалды сүннит қайраткері Әли Хатем Сүлейман егер билік сүнниттердің құқығын құрметтейтін болса, әл-Абадимен ынтымақтастық орнатуға әзір екенін айтқан. Сүннит діни өкілі Мұхаммад әл-Хамдоон сүнниттер тарапынан жаңа үкіметке талаптар әзірленіп жатқанын Reuters агенттігіне мәлімдеген.
Соңғы кезде көптеген шетелдік және ирактық саясаткерлер Ирактың жаңа премьер-министрі елдегі сүнниттер жасақтары жетекшілерін «Ислам мемлекеті» экстремистеріне қарсы күресте үкімет жағына шығуға көндіре алар деп үміт білдірген еді. Бұған дейін сүнниттер «құқықтарымызды шектеп, қысым жасады» деп, бұрынғы премьер-министр - шииттер өкілі Нури әл-Маликиді айыптаған. Әл-Малики осы аптада отставкаға кететіні туралы мәлімдеген.
Ирактағы сүннит жасақтары 2006-2009 жылдары АҚШ әскеріне қолдау білдіріп, әл-Қаида террористік ұйымының осы елдегі қызметін басып-жаншуға елеулі үлес қосқан еді.