Accessibility links

Сот "Аңыз адамға" қатысты шешімді өзгертпеді


"Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам" журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай. Алматы, 28 шілде 2014 жыл.
"Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам" журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай. Алматы, 28 шілде 2014 жыл.

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы бүгін «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» журналының Гитлерге арналған нөміріне қатысты әкімшілік соттың шешіміне берген шағымын қарады.

Басылымның бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың Азаттыққа айтуынша, апелляциялық алқа әкімшілік соттың журналдың Адольф Гитлерге арналған тиражын тәркілеу және өзіне 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 27 мың теңге айыппұл салу туралы 30 шілде күні шығарған шешімін өзгеріссіз қалдырып, басылым құрылтайшысына салынған 70 АЕК мөлшеріндегі (129 мың теңге) айыппұлды 50 АЕК-ке азайтқан.

Бұған дейінгі шығарылған сот-филологиялық сараптама қортындысында Адольф Гитлерге қатысты журнал мақалаларында «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздықты қоздыру белгілері жоқтығы» айтылып, бірақ сараптаманың жалғасында «Адольф Гитлер фашист емес» дейтін мақалада «экстремизмді ақтау белгілері бар» деп көрсетілген еді. Басылым редакторы әкімшілік жауапкершілікке соған байланысты тартылған.

Маусымның соңында Алмалы аудандық соты Адольф Гитлер туралы қарама-қайшы мақалалары үшін басылым редакторы Жарылқап Қалыбайды оның үстінен шағымдаған 13 адамға жиыны 13 миллион теңге (71 мың доллар) төлеуге және екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен жария түрде кешірім сұрауға міндеттеген. Оның алдында әкімшілік сот «тіркеу деректерін көрсетпегені үшін» басылым редакторына 222 мың теңге (шамамен 1200 АҚШ доллары) айыппұл салған болатын.

XS
SM
MD
LG