Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының әкімі етіп Амандық Баталовты тағайындады. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа әкімді Алматы облысының активіне президенттің өзі таныстырған.
Назарбаев 19 тамыздан бері Алматы облысында сапармен жүр. Кеше президент облыс әкімдігінің индустриаландыру жөнінде атқарып жатқан жұмысын сынаған. Ол облыстың "әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту жұмыстарының қарқыны төмен" және жергілікті билік "тұрғындарды маңызды мемлекеттік бағдарламаларды орындауға жұмылдырмайды" деген.
Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Амандық Баталов Алматы облысының бұрынғы әкімі Аңсар Мұсахановтың орынбасары болып істеген.