Accessibility links

Прокуратура: Баймағамбетов соққыға жығылмаған


Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағамбетов. Астана, 19 қыркүйек 2012 жыл.
Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағамбетов. Астана, 19 қыркүйек 2012 жыл.

Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы, түрмеде жазасын өтеп жатқан Серік Баймағамбетовтің соққыға жығылғаны расталмады деп хабарлады бүгін Қарағанды облыстық прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Мұхамедкәрім Бектұрсынов.

Прокуратураның таратқан ақпаратына қарағанда, Баймағамбетовке жасалған сот-медициналық сараптама оған қандай да бір дене жарақаты түскенін анықтамаған.

Бірақ Баймағамбетовтің "2013 жылдың қарашасы мен биылғы жылдың сәуір айында өзінің соққыға жығылғаны туралы" жазған шағымы негізінде қылмыстық кодекстің 307-бабы ("қызмет өкілеттігін теріс мақсатта пайдалану") бойынша іс қозғалған. "Прокуратура Баймағамбетовтің қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің заңға қайшы іс-әрекеті туралы дәлелдерін толық, жан-жақты және шынайы тексеру үшін іс қозғады. Қазір арнайы прокурорлар тексеру жүргізіп жатыр" делінген прокуратураның хабарламасында.

Бұған дейін кейбір ақпарат құралдары облыстық прокуратураға сілтеме жасап, АК 159/6 қатаң режимдегі колониясында жазасын өтеп жатқан Баймағамбетовтің "соққыға жығылып, денесіне жарақат түскенін" хабарлаған.

2013 жылы қаңтардың 8-і күні Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық соты Серік Баймағамбетовті «аса ірі көлемде пара алғаны үшін айыпты» деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Сот оған тағылған «қызметтік өкілетін теріс мақсатта пайдаланды» деген айыпты алып тастаған.

Серік Баймағамбетов кедендік бақылау комитетін 2011 жылдың мамырынан 2012 жылдың ақпанына дейін басқарған, оған дейін ішкі істер министрі болған.

XS
SM
MD
LG