АҚШ қорғаныс министрі Чак Хейгел "Америка әскери авиациясының "Ислам мемлекеті" ұйымы содырларының Ирактың солтүстігіндегі Хадита су бөгеті жанындағы позициясын бомбалай бастағанын" хабарлады. Пентагон басшысы 7 қыркүйек күні "бұл операцияның Ирак үкіметінің өтінішімен іске асып жатқанын" айтты.
Оның сөзіне қарағанда, "шабуылдар экстремистердің Ирактағы аса маңызды нысанды басып алуына жол бермеу мақсатында жасалып жатыр".
Хейгел "егер су бөгеті экстремистер қолына түссе, АҚШ-тың Ирактағы мүдделеріне де қауіп төнеді" дейді.
Евфрат өзені бойындағы Хадита су бөгетінде Ирактағы қуаты жағынан екінші орын алатын су электр станциясы орналасқан.