Accessibility links

Азия ойындарына Қазақстаннан 420 спортшы қатысады


17 жазғы Азия ойындарына қатысатын қазақстандық ауыр атлет, Лондон олимпиадасының чемпионы Зүлфия Чиншанло.

"Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтетін жазғы 17-Азия ойындарына Қазақстаннан 420 спортшы қатысады" деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігі. Қазақстан спортшылары Инчхондағы Азия ойындарында 39 спорт түрі бойынша жарысқа түседі. Азия ойындарына Лондон олимпиадасының чемпиондары Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова да (жеңіл атлетика) барады.

Мұның алдындағы Гуанчжоуда (Қытай) өткен Азия ойындарына Қазақстаннан 341 атлет қатысқан еді.

Ал Азиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын боксшы, Лондон олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов ұстап шығады. Азия ойындары 19 қыркүйек күні басталып, 4 қазанда аяқталады.

2010 жылы Қытайдың Гуанжоу қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстан 18 алтын, 23 күміс, 38 қоламен жалпы есепте Қытай, Жапония, Корея, Ираннан кейінгі бесінші орынды алған.

XS
SM
MD
LG