Accessibility links

Тұтқындардың туыстары Павлодар түрмесіне назар бұруды сұрайды


Қамау мекемесінің қарауыл мұнарасы. (Көрнекі сурет)
Қамау мекемесінің қарауыл мұнарасы. (Көрнекі сурет)

Павлодар қаласындағы АП 162/4 түзеу колониясында жазасын өтеп жатқан азаматтардың туыстары бүгін таңертең сағат жетінің шамасында колонияға әскер кіргізіліп, қамауда отырғандарға қысым көрсетіп жатқаны жайлы естіп-білгенін хабарлады.

Тұтқындардың бірінің туысы Анастасия Якушева Азаттық тілшісіне түрмеге күйеуімен кездесуге барғанда бетіне маска киіп алған сарбаздардың жазасын өтеп жатқандарды «айыптыларды қамайтын» орынға апара жатқанын көргенін айтты.

Оның сөзінше, қазір колония алдына онда қамауда отырғандардың ондаған туыстары жиналып тұр. Колония әкімшілігі оларға жақындарын көруге рұқсат бермей жатыр. Тұтқындардың туыстары түрмеде болып жатқан жағдайды анықтауға бұқаралық ақпарат құралдарынан көмек сұрайды.

АП 162/4 түзеу колониясына телефонмен хабарласқан Азаттық тілшісіне өзін «инспектор Садықова» деп таныстырған қызметкер «бастықтардың бәрі түрме аумағында жүргенін, мекемеде комиссия болып жатқанын» ғана айтты. Кезекші бөлімінде отырған қызметкер «түрмеге әскер енгізілді деген ақпаратты» растай да алмайтынын, я жоққа да шығармайтынын айтумен шектелді.

XS
SM
MD
LG