Accessibility links

Алина Кабаева медиа-холдинг директорлар кеңесін басқарады


Олимпиада чемпионы Алина Кабаева (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путиннің қолынан мемлекеттік награда алып келе жатыр. Кремль, Мәскеу, 21 желтоқсан 2005 жыл. (Көрнекі сурет)
Олимпиада чемпионы Алина Кабаева (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путиннің қолынан мемлекеттік награда алып келе жатыр. Кремль, Мәскеу, 21 желтоқсан 2005 жыл. (Көрнекі сурет)

Көркем гимнастикадан 2004 жылғы олимпиада чемпионы, биліктегі «Единая Россия» партиясынан Ресей мемлекеттік думасына сайланған Алина Кабаеваның «Национальная Медиа Группа» холдингі директорлар кеңесін басқаруға келіскені хабарланды. Жақын арада директорлар кеңесі жиынында тиісті шешім қабылданбақ.

Кабаева алты жыл бойы осы медиа тобының қоғамдық кеңесін басқарған. Дүйсенбі күні Алина Кабаеваның өз депуттатық өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш бергені белгілі болған еді. Бұл мәселе бойынша Ресей парламенті бүгін шешім қабылдауы мүмкін.

Ресейдегі ең ірі «Национальная Медиа Группа» жеке меншік медиа-холдингі «5-арна», Рен-ТВ телекомпанияларын басқарады, «Первый канал» телекомпаниясы акцияларының 25 пайызына ие. Бұған қоса, «Известия» басылымы, Life News телеарнасы, «Жизнь», «Твой день» газеттері, «Русская служба новостей» радиостанциясы және басқа бұқаралық ақпарат құралдарына иелік ететін News Media холдингі де осы топтың меншігінде саналады.

Алина Кабаеваға қатысты Ресей қоғамында әртүрлі сыбыстар тараған. Мәселен, оны Ресей президенті Владимир Путинмен жақын қарым-қатынаста деген қауесетті Путиннің өзі көпшілік алдында жоққа шығарған еді.

XS
SM
MD
LG