Иран президенті Хассан Роухани Сирия мен Иракта адамдарды қырғына ұшыратқан «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының қылмысын айыптады.
17 қыркүйекте АҚШ-тың NBC телекомпаниясына берген сұхбатында Роухани бейкүнә адамдардың басын кесу қылмысын күллі адамзатты өлтіруге теңестіруге болады деп мәлімдеген.
Америкалық екі журналист пен ұлыбританиялық қайырымдылық ұйымының қызметкерін өлтіргеннен бөлек «Ислам мемлекеті» тобы өздері бақылауға алған Сирия мен Ирак қалаларында көпшілік алдында адамдардың бастарын кескен.
Ислам дәстүрі мен мәдениеті тұрғысынан қарағанда жазықсыз адамдардың басын алу жат қылық болып саналатынын айтқан Роухани бұны бүкіл адамзаттың алаңдаушылығын туғызатын қасіретті жайт деген.
Бұған дейін АҚШ «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы 40 елдің қатысуымен коалиция құрған еді. Бірақ Иранды бұл коалицияға қоспаған.