Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) жұма күні Минскіде Украинаның шығысындағы дағдарысты реттеу жөніндегі байланыс тобы жүргізген келіссөздері нәтижесінде қабылданған меморандум мәтінін жариялады.
Тараптардың келісімі бойынша қабылданған құжатта дағдарыс аймағында атысты тоқтатуға бағытталған бірқатар шаралар қарастырылған. Олардың арасында, ең әуелі, ұрыс болып жатқан жерден әскери техниканы алып кету, ауданы отыз километрлік қауіпсіздік аймағын құру, Украина аумағынан шетелдік жалдамалыларды, техникаларды, жасақтар құрылымдарын шығару, сонымен қатар бітім аймағында ЕҚЫҰ бақылаушылар тобының қызметін қамтамасыз ету сияқты шаралар бар.
Бұған дейін сенбі күні Минскіде байланыс тобы жүргізген келіссөздерге қатысқан Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучма «Украина аумағынан барлық шетелдік әскери жасақтарды шығару туралы келіскендерін» хабарлаған еді.