Ауғанстанның бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани елдің жаңа президенті болып ресми түрде жарияланды.
Ауғанстан тәуелсіз комиссиясы президенттік кампанияның аяқталғаны туралы мәлімдегенімен дауыс берудің ресми нәтижесі де, дауыс беруге қанша сайлаушы қатысқаны туралы да айтылмады.
Бұның алдында Ауғанстанда биыл президент сайлауының екінші кезеңінде бәсекелес болған елдің бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла мен бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани ұлттық ынтымақтастық үкіметін құру және билікті бөлісу туралы келісімге қол қойған еді. Оған сәйкес, Ашраф Ғани президент қызметін атқарады, Абдулла Абдулла үкіметке жетекшілік жасайтын болады. Бұған дейін Ауғанстанда президент атқарушы билікті өзі басқарып келген еді.
Бұл келісімге дейін Ауғанстанда 14 маусым күні өткен президент сайлауының екінші кезеңінің қортындысына қатысты дау шыққан. Ол жолы сайлауда Ашраф Ғанидің жеңгені айтылғанымен, Абдулла Абдулла «сайлау нәтижесі бұрмаланды» деп, бәсекелесінің жеңісін мойындаудан бас тартқан. Нәтижесінде, БҰҰ өкілдерінің бақылауымен дауыстар қайта саналған.