Accessibility links

Ақ үйге кірген адамның көлігінен оқ табылған


Ақ үй, Вашингтон. (Көрнекі сурет)
Ақ үй, Вашингтон. (Көрнекі сурет)

19 қыркүйек күні Ақ үйге кіріп кеткен адамның көлігінен 800-ден астам оқ, балта табылды деп хабарлады Вашингтон сотында прокурор Дэвид Мадд.

42 жастағы Омар Гонсалесті өткен жұма күні Ақ үйдің дуалынан секіріп өтіп, АҚШ президентінің резиденциясына қарай өтпек болғанда арнайы қызмет өкілдері ұстаған. Ұсталған адамнан жиналмалы шағын пышақ табылған. Президент Барак Обама мен оның отбасы оқиға болардың алдында ғана Ақ үйден кетіп қалған. Гонсалеске күзетілетін нысанға рұқсатсыз кірді деген айып тағылып, судья оны келесі сот отырысына дейін қамауда ұстауға шешім шығарды.

Сот кезінде прокурор АҚШ қарулы күштерінің ардагері Гонсалестің биыл шілде айында Вирджиния штатында жолда жүру ережесін бұзғаны үшін ұсталғанын және сол кезде көлігінен шолақ мылтық пен автоматтық винтовка табылғанын айтты. Вирджиния штатының полициясы Гонсалес ұсталған кезде одан Вашингтонның картасы да табылғанын және ондағы Ақ үйдің сызбасы шеңберге алынып белгіленіп қойылғанын айтты.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнесттің мәлімдеуінше, Обама оқиғаға қатысты алаңдаушылық білдіргенімен, резиденциясын күзететін арнайы қызметке толықтай сенеді.

XS
SM
MD
LG