Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласының соты ұйғыр құқыққорғаушысы, ғалым Ильхам Тохтиді сепаратизм айыбы бойынша өмірлік түрме жазасына кесті. Ғалым Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданындағы «мемлекеттік құрылымды бұзуға әрекет жасаған» деп айыпталды.
Пекин университетінің бұрынғы профессоры, Қытай билігінің аз ұлттарға қатысты саясатын бірнеше рет сынаған Ильхам Тохти өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Адвокаты ғалымның сот үкіміне қарсы шағымданатынын айтқан.
Қытайлық белсенділер құқыққорғаушыға шыққан үкім сегіз миллионға жуық мұсылман ұйғыр тұратын Шыңжаң аймағында шиеленіс тудыруы мүмкін дейді.
Қытайдағы ықпалды хань қауымының өкілдерімен де байланысы бар Ильхам Тохти қаңтар айында жеті студентімен бірге тұтқындалған. Еуропа Одағы мен АҚШ Қытай билігін оны босатуға шақырған.