Accessibility links

ЕО Ресейге қарсы санкцияларды әзірге тоқтатпайды


Еуропа Одағы, Украина және Ресей туларынан коллаж.
Еуропа Одағы, Украина және Ресей туларынан коллаж.

Еуропа Одағы (ЕО) Украинадағы бітім шарты «толыққанды орындалмағанын» айтып, Ресейге салынған санкцияларды күшінде қалдыруға шешім қабылдады деп хабарлайды батыс ақпарат агенттіктері.

ЕО баспасөз хатшысы Майя Коцъянчи одаққа мүше мемлекеттердің елшілері Киев пен ресейшіл сепаратистер арасындағы бітімнің кейбір баптарына қатысты «үміт тудыратын өзгерістер» байқалғанымен, келісімнің маңызды шарттары тиісті деңгейде орындалмай отыр деген ұйғарымға келгені туралы мәлімдеді.

Коцъянчичтің сөзінше, ЕО кеңесі «Егер Украинадағы жағдай өзгеріп жатқандай болса Еурокомиссияға санкцияны өзгерту, тоқтату немесе толықтай жою туралы ұсыныстарды дайындауды тапсырады».

ЕО 9 қыркүйекте Мәскеуге қарсы кезекті санкциялар пакетін енгізген. Ол кезде Еуропа кеңесінің басшысы Херман Ван Ромпей қыркүйектің соңына қарай бітімнің орындалуына талдау жасалған соң, оның нәтижесіне қарай санкциялардың алынуы мүмкін деп мәлімдеген еді.

5 қыркүйекте Минскіде Украина мен сепаратистер арасында Донбасстағы қақтығыстарды тоқтатып, тұтқындар алмау туралы келісім жасалған.

20 қыркүйекте өткен келіссөздерде тараптар 30 километрлік аумақта қауіпсіздік аймағы құру туралы келіскен. Бірақ соңғы тәуліктерде Луганск және Донецк облыстарында атыс жалғасқаны айтылып отыр.

XS
SM
MD
LG