АҚШ-та Техас тұрғынына Батыс Африкада таралған Эбола вирусын жұқтырған деген диагноз қойылды. АҚШ-та бұл індетті жұқтыру оқиғасы бірінші рет тіркеліп отыр. Таяуда ғана Батыс Африкада болып қайтқан науқастан ауру белгілері үйіне оралған соң бірнеше күннен кейін байқалған.
Әзірге аты-жөні аталмай отырған науқас ер адам көпшіліктен оқшау ұсталып отыр. АҚШ президенті Барак Обама мен ауру түрлеріне бақылау жасау орталығының басшысы «індеттің басқа адамдарға жұқпауы үшін» науқасты «қатаң оқшаулап ұстау жайын» талқылаған.
Батыс Африка елдерінде Эбола вирусынан жыл басынан бері үш мыңнан аса адам қайтыс болған.