Accessibility links

Ресей оқушыларын енді АҚШ-та оқуға жібермейді


FLEX бағдарламасына қатысушы ресейлік оқушылар өткізген фестиваль көрінісі.
FLEX бағдарламасына қатысушы ресейлік оқушылар өткізген фестиваль көрінісі.

Ресей оқушылары енді АҚШ қаржыландыратын оқу бағдарламасына қатыса алмайды. Олар Ресейдің FLEX бағдарламасын жапқанына наразы.

АҚШ қаржыландыратын, екі ел арасында оқушы алмасуға мүмкіндік беретін бағдарлама жабылды. АҚШ пен Ресей арасы Украина дағдарысы кезінде нашарлап кеткен еді. АҚШ-та оқып жатқан және осы бағдарламаға қатысуды армандап жүрген Ресей оқушылары үкіметтің бұл шешіміне наразы.

САЯСАТ ПЕН ОҚУШЫНЫҢ АРМАНЫ

Мәскеудің 25 жастағы тұрғыны Анна Шалашина «Бұл [бағдарламаның жабылғаны] саясаттың кесірі шығар, бірақ біз одан керемет әсер алған едік» дейді. Future Leaders Exchange (FLEX) бағдарламасының арқасында Америкада оқып келген қыз «Басқаларға ондай мүмкіндіктің енді бұйырмайтынына қынжылатынын» айтады.

Ресей қыркүйектің 30-ы күні Мәскеудегі АҚШ елшілігіне «2015-2016 жылғы FLEX жобасына қатыспайтынын» хабарлады. Бұл бағдарлама бойынша пост-советтік республикалардың жоғарғы сынып оқушылары АҚШ-қа барып оқитын.

Ресейдегі АҚШ елшісі Джон Теффтің айтуынша, 21 жыл ішінде 8 мыңнан астам оқушы Америка орта мектептерінде оқып, америкалық отбасында тұрып қайтты. Ол «Бұл жас ресейліктер 50 штаттың бәрінде болып, миллиондаған америкалықтарға Ресейді ең жақсы қырынан танытып, мәдени елші міндетін атқарды» деді.

Арманымның күл-талқаны шықты. Көп рахмет. Мүмкіндік туған бетте бұл елден кетемін.

Бұл хабар бағдарламаға қатысып жатқан, қатысуды жоспарлап жүрген оқушыларды қатты ренжітті. FLEX бағдарламасы оқушыларды қатаң түрде іріктеп алатын. АҚШ үкіметінің дерегіне қарағанда, орта есеппен жыл сайын бір орынға 50 оқушы таласып, сынақтан өткендеріне стипендия тағайындалып келген.

Бағдарлама түлектері мен енді қатыспақ болып жүрген жастар реніштерін әлеуметтік желілер арқылы білдірді. Олар Twitter желісінде #RussiaWantsFlexBack деген хэштег ашты. Мәселен Екатерингбург оқушысы Twitter-ге «Арманымның күл-талқаны шықты. Көп рахмет. Мүмкіндік туған бетте бұл елден кетемін» деп жазады.

«РЕСЕЙ РАЙЫНАН ҚАЙТАР»

АҚШ үкіметінің қолдауымен 1992 жылы ашылған бұл бағдарлама бойынша пост-советтік елдердің жоғарғы сынып оқушылары АҚШ мектебінде бір жыл оқып, тәжірибе алмасып қайтатын.

Ресейден бөлек, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түркіменстан мен Украина оқушылары да осы бағдарламаға қатысып келеді. Қазірге дейін 20 мыңнан астам оқушы АҚШ-та оқып қайтқан.

FLEX бағдарламасымен білім алған ресейлік оқушылар АҚШ-та оқыған кездерін «өмірімді өзгерткен күндер» деп сағынышпен еске алады. Петербург қаласында тұратын 18 жастағы студент Екатерина Бородина «ВКонтакте» желісінде «Ағылшын тілі екінші ана тіліме, өзім басқа адамға айналдым» деп жазады. 2013-2014 оқу жылына арналған FLEX бағдарламасымен Миссури штатындағы мектепте оқыған ол «Мәдениет үйрендім, адамдардың менталитеті мен ұлттық сипаттары туралы көп ой түйдім» дейді.

Ресейлік мектептердің біріндегі жоғары сынып оқушысы. Көрнекі сурет
Ресейлік мектептердің біріндегі жоғары сынып оқушысы. Көрнекі сурет

Екатерина бұл бағдарламаның өз отанын америкалық жастарға таныстыруға мол мүмкіндік бергенін айтады. «Мен тоғыз ай бойы ондағы достарыма Ресейді шексіз махаббатпен мақтадым» дейді ол.

Мәскеу тұрғыны Анна Шалашина АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы мектепте 2004-2005 жылдары оқыған. Ол мәскеулік оқушылардың білім алып, мәдени тұрғыда жетілуіне мүмкіндік көп екенін, бірақ FLEX бағдарламасының, әсіресе Ресейдің шалғай аймақтарындағы оқушыларға керек екенін айтады.

Татарстанның Нижнекамск қаласында туып-өскен Шалашина «Мен оқыған қала сияқты шет аймақтарда FLEX бағдарламасы оқушыларды ағылшын тілін оқуға ынталандыратын бірден-бір мүмкіндік еді. Олар байқауға қатысу үшін ағылшын тілінен қатты дайындалады, өтіп жатса, АҚШ-та бір жыл оқуға мүмкіндік алатын» дейді.

Мәскеудегі MAGRAM сараптама агенттігінің президенті Марина Малыхина 1994-95 оқу жылы Орегон мектебінде оқыған. Ол: «Сол мектепте ағылшын тілін меңгеріп қана қоймай, адамдармен түсінісуді, тіл табысуды үйрендім. Ішкі еркіндігімді, жеке тәуелсіздігімді қалыптастырдым» дейді. Марина Ресей үкіметі райынан қайтар деп үміттенеді.

«Мұндай мүмкіндіктің енді болмайтыны өкінішті, әрине. Бірақ болашақта мәселе дұрыс шешілетін шығар деп ойлаймын» дейді 35 жастағы Малыхина.

Малыхина - кәсіби тұрғыда табысқа жеткен көптеген FLEX түлектерінің бірі. Мәселен FLEX-тің жарнамалық кітапшасында Ресей мемлекеттік RT арнасының бас редакторы Маргарита Симоньянның да осы бағдарлама түлегі екені айтылады.

Ресей үкіметі FLEX бағдарламасын жапқаны туралы мәлімдемесін қыркүйектің 30-ы күні жасады. Оны қазанның 1-і күні «Коммерсантъ» газеті жариялады. Ресей ғылым және білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бағдарламаға қатысқан ресейлік оқушылардың елге оралғысы келмейді.

«Коммерсантъ» басылымының пікірінше, оқушылардың бұл қылығы FLEX бағдарламасының шартына қайшы. Тәжірибе алмасуға кеткен оқушылар Ресейге қайтуға міндетті. Газет «Сондықтан Ресей өз аумағында бұл бағдарламаны жапты» дейді. Америкалық шенеуніктер мәлімдемеге қатысты пікірлерін әлі айтқан жоқ.

(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG