Accessibility links

Донецк әуежайы жайлы қарама-қайшы ақпарат тарады


Әуежай маңындағы сепаратистер бекеті. Донецк, 2 қазан 2014 жыл.
Әуежай маңындағы сепаратистер бекеті. Донецк, 2 қазан 2014 жыл.

Сепаратистер бірнеше ай бойы шайқас жүріп жатқан Донецк әуежайын бақылауға алғандарын айтады. Бұл туралы ресейшіл сепаратистер өткен түні Twitter арқылы хабарлаған. Киевтегілер бұл ақпаратты растаған жоқ.

Бейсенбіде Украинаның шығысында арнайы операция жүргізіп жатқан украиналық әскерилер өкілі Владислав Селезнёв сепаратистердің әуежайға жасаған бірнеше шабуылы тойтарылғанын хабарлаған. Шабуылшылардың жетеуі оққа ұшып, оннан аса адам жараланған. Украиналық әскерилерден ешкім зарап шекпеген.

Бұған дейін Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің ресми өкілі Андрей Лысенко үкімет әскерінің әуежайдан кетуі туралы шешім тек атыс толық тоқтаған жағдайда ғана қабылданады деп мәлімдеген. Bloomberg агенттігі егер сепаратистер Донецк немесе Мариупольде әуежайды өз бақылауына алатын болса, Еуропа Одағы Ресейге қарсы қосымша санкциялар салуы мүмкін деп хабарлаған.

Атысты тоқтату туралы 5 қыркүйекте бітім жасалғалы бері кеше алғаш рет Донецкінің орталығы атқылауға ұшырады. Снарядтардың бірі Халықаралық Қызыл Крест Комитеті ғимаратына түсіп, ұйым қызметкері, Швейцария азаматы Лоран Дюпаскье қаза тапқан. Қызыл Крест бұл оқиғаны гуманитарлық құқықты бұзу деп атады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отырған Швейцария президенті Дидье Буркхальтер Украина билігі мен сепаратистерді атысты дереу тоқтатып, бұған дейін Минскіде жасалған бітім шарттарын мүлтіксіз орындауға шақырған.

XS
SM
MD
LG