Accessibility links

4 қазан Латвияда парламент сайлауы өтеді


Ригадағы Латвия мен ЕО тулары. (Көрнекі сурет)
Ригадағы Латвия мен ЕО тулары. (Көрнекі сурет)

Сенбі, 4 қазан күні, Латвияда парламент сайлауы өтеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, сайлаушылар биліктегі оңшыл коалицияға дауыс беруі мүмкін. Бұған Ресейдің Украинадағы саясаты әсер еткен.

Латвия премьер-министрі Лаимдота Страуюма Мәскеуге қарсы қатаң позиция ұстанып отыр. Ол қорғанысқа бөлінетін қаражатты көбейтуді, аймақтағы НАТО ықпалын күшейтуді қалайды.

Оның бәсекелестері - «Келісім» атты социал-демократиялық партия өкілдері болмақ. Бұл партия Латвиядағы этникалық орыстарды қолдайды. Орыс ұлты өкілдері бұл елдің екі миллион халқының ширегі болып отыр.

Латвияның экономикасы - қазір Еуропадағы жедел дамып жатқан нарықтардың бірі. Мұндағы үкіметтің қатаң саясатын кейбір сарапшылар үлгі ретінде ұсынады.

2008 жылғы қаржы дағдарысы Латвия экономикасына орасан зардабын келтірді. Дағдарыстан соң үкімет шығындарды қысқартып, еңбекақыны және жұмыс орындарын азайтты. Бұл шаралар ұлттық валютаның еуроға шаққандағы бағамын сақтау үшін жасалды. Латвия 2014 жылы еуро-зонаға қосылды.

Алайда ел тұрғындары жұмыссыздық пен қатаң экономикалық саясатқа наразы. Сондықтан биліктегі коалиция сайлау науқанында экономикалық мәселелерді емес, Ресейге қарсы саясатын алға шығарып отыр.

XS
SM
MD
LG