Ресейдің Роскомнадзор тұтынушылар құқығын қорғау мекемесі президент Владимир Путиннің суретін ату сюжетіне байланысты Euronews телеарнасының хабар таратуына бөгет қою қажет емес деп тапты.
Қыркүйектің ортасында мемлекеттік думаның «Единая Россия» фракциясының депутаты Михаил Маркелов Роскомнадзор мен бас прокуратураға Euronews телеарнасы хабарына тосқауыл қоюды сұрап шағым түсірген. Депутат осы телеарнадан Украина ұлттық гвардиясы бөлімшесінің әскери дайындығы жайлы берілген хабарда «украин әскерилері Путиннің суретін нысана ретінде атып жатқаны көрсетілгенін» айтқан.
Роскомнадзор мекемесінің депутат Маркеловтің шағымына берген жауабында хабарда нысанаға алынған сурет бес секунд қана көрсетілетіндіктен «нысанадағы суреттің Владимир Путинге ұқсайтынын анықтау мүмкін емес» екені айтылған.
Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Euronews телеарнасын Украинадағы жағдайды «шынайы түрде таратпады» деп сынаған еді.