Accessibility links

Адвокат: Тәжаяқов Царнаевқа қарсы куәлік беруі мүмкін


Азамат Тәжаяқов пен анасы Тұрсынай Ысмағұлова. Сурет tazhayakov.com сайтынан алынған.
Азамат Тәжаяқов пен анасы Тұрсынай Ысмағұлова. Сурет tazhayakov.com сайтынан алынған.

Бостон марафонындағы жарылысқа қатысты күдікке ілінген қазақстандық Азамат Тәжаяқовтың "жарылысты ұйымдастырды" деген айып тағылған Джохар Царнаевқа қарсы куәлік беру ниеті бар. Бұл жайында 8 қазан күні Тәжаяқовтың адвокаты Мэтью Майерске сілтеме жасаған Boston Globe басылымы хабарлады.

Майерстің айтуына қарағанда, ол прокурорлармен Тәжаяқовтың келесі жылдың басына жоспарланған сот отырысына қатысу мүмкіндігі туралы бірнеше рет сөйлескен. Бірақ екі жақ әзірге нақты келісім жасаспаған.

Басылымның жазуынша, Майэрс "Тәжаяқов Царнаевтың сотына қатыстырылса қандай ақпарат беруі мүмкін" деген сұраққа жауап беруден бас тартқан. Бірақ басылым "Тәжаяқов дос болып жүрген кездерінде Царнаевтың оған не айтқандарын жариялауы мүмкін" деген болжам жасайды.

АҚШ тергеу орындары қазақстандық Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевқа 2013 жылы сәуірде Бостон қаласындағы дәстүрлі марафон кезінде болған жарылысқа қатысты "айғақ заттарды жойып, терактілерді тексеруге кедергі келтірді" деген айып тағып отыр. Тергеу деректері бойынша, жарылыстан үш күннен кейін басты күдікті Джохар Царнаевтың Массачусетс университетінде танысқан достары Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев оның пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугін қоқысқа тастаған.

Адвокаттың пікірінше, прокурорлар Тәжаяқовтың Царнаевтың сотына қатысуын қолдаса, онда оған үкім жариялау мерзімі кейінге шегерілмек. Басылымның дерегіне қарағанда, Тәжаяқовқа үкім 19 қараша күні жарияланады.

XS
SM
MD
LG