Қазақстандық теннисшілер Зарина Дияс пен Юлия Путинцева Жапония ашық чемпионатының ширек финалына шықты.
Әлемнің 37-ракеткасы 20 жастағы Зарина Дияс жарыстың 3-кезеңінде испаниялық Лара Аррубаррен-Вессиноны 6:0 және 6:1 есебімен ұтты. Енді ол хорватиялық Ана Конджумен кездеседі.
Тағы бір қазақстандық теннисші, әлемнің 122-ракеткасы Юлия Путинцева үшінші айналымда жапон теннисшісі Рисо Одзакиді 7:6 және 6:3 есебімен жеңді. Ол ширек финалда ұлыбританиялық Хитер Уотсонмен ойнайды.
Жапония ашық чемпионаты 12 қазан күні аяқталады.
Зарина Дияс бірер күн бұрын Сингапурде өтетін жылдың қорытынды турнирінің жолдастық матчына жолдама алған.