Украина президенті Петр Порошенко елде люстрация жүргізу туралы заңға қол қойды. Украина парламенті бұл заң жобасын 16 қыркүйек күні мақұлдаған еді.
Заң бойынша, бір миллионға жуық шенеунік пен мемлекеттік қызметкер, оның ішінде министрлер кабинеті мүшелерінің экс-президент Виктор Янукович тұсында болған коррупциядан тазалығы тексеріледі.
Болжам бойынша, люстрация туралы заң елдің шығысындағы ресейшіл сепаратистермен және ресейлік құрылымдармен байланысы бар билік өкілдерін анықтауға көмектеседі. Заңға сай, кіріс көзі мен дүние-мүлкінің қайдан келетінін дәлелдей алмаған қызметкерлер бес жылдан он жылға дейін мерзімде мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылады.
Порошенконың айтуынша, ол заңға "билікке деген сенімді қайта қалпына келтіру үшін" қол қойған.
Бұған дейін ішкі істер министрі Арсен Аваков өз ведомствосындағы тексерулерді заң қабылдана салысымен бастайтынын мәлімдеген.