Минскіде ТМД елдері мемлекет басшыларының саммиті аяқталды. Саммитте достастыққа мүше елдердің президенттері түрлі мәселелерді қозғап сөз сөйледі.
Жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ТМД-ға төрағалық ететін 2015 жылы бірлестікті дамытудың жаңа концепциясын дайындайтынын айтты.
Молдова президенті Николае Тимофте өз елінің Еуропа Одағына кіру жолында екенін айтып, ТМД-дағы интеграциялық әріптестер сауда-экономикалық тұрғыдан ЕО-ға кедергі келтірмегені жөн деді.
Ал Ресей президенті Владимир Путин ТМД-ның сауда-экономикалық мүдделерін қорғауға шақырды. Өзбекстан президенті Ислам Каримов ТМД аумағында "түрлі жиын өткізіп, жарнамамен айналысудың орнына" құқықтық негізі бар интеграциялық келісімдерді жүзеге асыруға шақырған.
Жиын соңында мемлекет басшылары сауда-экономикалық, мәдениет, білім беру, қауіпсіздікті нығайту және басқа да салаларға қатысты он бес құжатқа қол қойды.
ТМД-ның келесі саммиті 2015 жылы күзде Астанада өтетін болды.